Array ( [0] => li1 [1] => li2 [2] => li3 [3] => li4 )

Әлеуметтік кәсіпкерлік

Әлеуметтік кәсіпкерлік (ӘК) – бұл мемлекетке балалардың дамуы, мүгедектерді оңалту және әлеуметтендіру, денсаулық сақтау мәселелері, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, экология және экотуризм жағдайы, халықтың осал топтарын қолдау сияқты қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін әлеуметтік миссиясы бар бизнес.

ӘК-тің мәні әлеуметтік мәселелерді мойындау және кәсіпкерліктің принциптерін, процестерін және операцияларын пайдалану арқылы әлеуметтік өзгерістерге қол жеткізу болып табылады. Нақты әлеуметтік мәселені толық анықтау зерттеуді қажет етеді, содан кейін қажетті өзгеріске жету үшін әлеуметтік кәсіпорынды ұйымдастыру, құру және басқару қажет. Өзгерістер әлеуметтік мәселені толығымен жоюды қамтуы немесе қамтымауы мүмкін. Бұл бар жағдайларды жақсартуға бағытталған өмірлік процесс болуы мүмкін.

Кәдімгі кәсіпкерлік жаңа бизнесті бастау немесе бар бизнесті әртараптандыруды білдірсе, ӘК ең алдымен нәтижелерді пайда немесе ақшалай кіріс тұрғысынан өлшемей, әлеуметтік капиталды құруға бағытталған. Бұл саладағы кәсіпкерлер коммерциялық емес секторлармен және ұйымдармен тығыз байланысты. Бірақ бұл пайда табу қажеттілігін жоймайды. Өйткені, процесті жалғастырып, қоғамға оң өзгерістер әкелу үшін кәсіпкерлерге капитал қажет.

Жалпы, ӘК келесі критерийлерімен ерекшеленеді:

  • Әлеуметтік ықпал – бизнестің қоғамның қандай-да бір әлеуметтік мәселелсін шешуге көмектесуі. Мақсатты топқа қолдау көрсету: балалар, мүгедектер, қарттар және т.б.;
  • Қаржылық тұрақтылық – бірнеше кіріс көздерінің болуы. Демеушілерден түсетін кіріс 75%-дан аспайды;
  • Инновациялылық – аталған аймақ үшін ұсынылған шешімнің жаңалығы;
  • Кәсіпкерлік тәсілдеме – қызметінде бизнес құралдарды пайдалану: маркетинг, пиар және т.б.;
  • Өзін-өзі өтеушілік – ақылы қызметтер немесе өнімді сату есебінен жеке шығындардың орнын толтыра алу;
  • Тираждалу – табылған шешімді басқа аймақтарға немесе елдерге тарату мүмкіндігі және дайындығы.